KK/Prabhupada 1059 - Әр тірі жан Құдаймен белгілі бір қатынасқа ие



660219-20 - Lecture BG Introduction - New York

Құдайға берілген сәтте, бһакта Тәңірмен тікелей қатынасқа енеді. Бұл өте ұзақ әңгіме, әйтсе де қысқаша былай: бһакта мен Құдайдың Түптұлғасы бес түрлі қарым-қатынасқа енеді. Бһакта Құдаймен енжар қатынасуы мүмкін, бһакта Құдаймен құлшылық ете қатынасуы мүмкін, бһакта Құдаймен досы ретінде қатынасуы мүмкін, бһакта Құдаймен ата-анасы ретінде қатынасуы мүмкін, бһакта Құдаймен нақсүйер ғашығы ретінде қатынасуы мүмкін. Арджуна Құдаймен досы ретінде қатынасқан бһакта. Құдай досымыз болуы мүмкін. Әрине, бұл достық пен дүнияуи әлемдегі достығымыз арасында зор айырмашылық бар. Бұл бақи достық қарым-қатынас... Құдаймен қарым-қатынасқа кім көрінген ене бермейді. Әр тірі жан Құдаймен белгілі бір қатынасқа ие, сол қатынас беріле құлшылық етуде пісіп-жетілгенде жаңғырады. Қазіргі өмірімізде жалғыз Құдайды ғана ұмытып қоймай, сонымен қатар Құдаймен мәңгі қарым-қатынасымызды да ұмыттық. Көптеген миллиондаған, миллиардтаған тірі жандардың әрқайсысы Құдаймен ерекше бір мәңгі қатынасқа ие. Ол сварупа деп аталады. Сварупа. Беріле құлшылық ету арқылы жан сварупасын қайта жаңғыртады. Жанның осы бастапқы кемел күйі — сварупа-сиддһи деп аталады. Арджуна Құдаймен достық қатынастағы бһакта болды. Енді Арджунаға түсіндіріліп отырған осы Бһагавад-гитаны Арджуна қалай қабыл алды? Осыны ескерген жөн. Арджунаның Бһагавад-гитаны қалай қабыл алғаны оныншы тарауда ескертілген. Арджуна айтты: арджуна увача парам браһма парам дһама павитрам парамам бһаван пурушам шашватам дивйам ади-девам аджам вибһум. Аһус твам ришайаһ сарве деваршир нарадас татһа асито девало вйасаһ свайам чаива бравиши ме (Б.-г. 10.12-13). Сарвам этад ритам манйе йан мам вадаси кешава на һи те бһагаван вйактим видур дева на данаваһ (Б.-г. 10.14). Бһагавад-гитаны Құдайдың Түптұлғасысың Өз баяндауынан естіген Арджуна енді Кришнаны парам браһма, Жоғарғы Браһман деп мойындаймын дейді. Браһман. Әр тірі жан — Браһман, ал жоғарғы тірі жан я Құдайдың Түптұлғасы — Жоғарғы Браһман я жоғарғы тірі жан болып саналады. Және парам дһама. Парам дһама дегеніміз — Кришна — баршаның жоғарғы баспанасы екенін білдіреді. Және павитрам. Павитрам дегеніміз — Кришнаның фәни кірден кіршіксіз тазалығын білдіреді. Және Кришнаны пурушам дейді. Пурушам дегеніміз — жоғарғы ләззат алушы; шашватам, шашватам дегеніміз — Кришнаның әуел бастан бірінші тұлға екенін білдіреді. дивйам — бақи; девам — Құдайдың Түптұлғасы; аджам — ешқашан тумайды; вибһум — ең ұлы. Енді, Арджунаның досы болғандықтан, Кришна досына осының бәрін айтып отыр деген күмән тууы да мүмкін. Бірақ Бһагавад-гита оқырмандарының осындай күмәндарын сейілту үшін Арджуна айтқан сөзін беделдердің көмегімен қуаттайды. Шри Кришнаның Құдайдың Түптұлғасы екенін жалғыз мен ғана емес, Нарада, Асита, Девала, Вйаса тәрізді беделдер де мойындаған деп дәлел келтіреді Арджуна. Бұл тұлғалар — Веда білімін таратушы ұлы тұлғалар. Оларды барша ачарйалар мойындаған. Сондықтан Арджуна: «Айтқаныңның бәрін кемел хақиқат деп мойындаймын» дейді.