KK/Prabhupada 1069 - Дін дегеніміз — наным, ал наным өзгеруі мүмкін, керісінше, санатана-дһарма өзгермейді
660219-20 - Lecture BG Introduction - New York
Дін дегеніміз — наным, ал наным өзгеруі мүмкін, керісінше, санатана-дһарма өзгермейді Санатана-дһарма. Жоғарғы Иенің — санатана екенін, рухани аспанның арғы жағындағы бақи мекеннің де — санатана екенін бұдан бұрын ескертіп кеттік. Тірі жандар да — санатана. Сонымен, санатана мәңгі мекенде санатана Құдаймен, санатана тірі жандармен қатынасу — адам өмірінің биік мұраты. Тәңір тірі жандарға өте мейірімді келеді, себебі барша тірі жандар Кришнаның балалары. Кришна Бһагавад-гитада сарва-йонишу каунтейа муртайаһ самбһаванти йаһ тасам браһма маһад йонир аһам биджа-прадаһ пита: “Мен — барша тірі жандардың әкесімін” (BG 14.4) деп мәлімдейді. Әр түрлі тірі жандар… Әр түрлі кармаларына сай әр түрлі тірі жандар болғанымен, “Мен — барша тірі жандардың әкесімін” деп мәлімдейтіндіктен, Тәңір барша ұмытшақ тәуелді жандарды санатана-дһамаға, санатана аспанға қайтару үшін келіп түседі, сонда санатана тірі жан Тәңірмен мәңгі қатынасындағы санатана күйімен қайта қауышады. Тәуелді жандарды қайтару үшін Тәңір әр түрлі аватаралары арқылы келеді, я ұлдары я серіктері я ачарйалар секілді сенімді бһакталарын жібереді.
Сондықтан санатана-дһарма ешқандай діни секталарға жатпайды. Санатана-дһарма дегеніміз — мәңгі тірі жандардың мәңгі Құдаймен қатынасындағы мәңгі рөлі. Санатана-дһарма деген — мәңгі бақи міндетіміз. Шрипада Рамануджачарйа санатана сөзін “басы да, соңы да жоқ” деп түсіндірген. Санатана-дһарманы сөз еткенімізде, оны “басы да, соңы да жоқ” деп түсіндірген Шрипада Рамануджачарйаның беделіне сүйенуіміз шарт. Дін сөзі санатана-дһарма ұғымынан сәл өзгешелеу. Дін дегеніміз — наным, ал наным өзгеруі мүмкін. Біреу бір нанымға сеніп, ол нанымын өзгертіп, басқа нанымға илануы мүмкін. Керісінше, санатана-дһарма өзгермейді, қаз-қалпында қалады. Бұл су мен сұйықтың бір-бірінен ажырамайтыны сияқты. Жылу мен от та бір-бірінен ажырамайды. Сол секілді, тірі жанның санатана-дһарма деген мәңгі рөлін өзгерту мүмкін емес. Оны өзгерту мүмкін емес. Мәңгі тірі жанның мәңгі рөлін білуіміз шарт. Сондықтан санатана-дһарманы сөз еткенімізде, оны “басы да, соңы да жоқ” деп түсіндірген Шрипада Рамануджачарйаның беделіне сүйенуіміз шарт. Басы да, соңы да жоқ нәрсенің шектеулі сектамен я басқа да шектермен шектелуі мүмкін емес. Санатана-дһарманы сөз еткенімізде, әлдебір мәңгі емес діни нанымдарды ұстанушылар бізді әлдебір секталардың біріне жатқызып қателесуі мүмкін. Ал егер бәрін бүгінгі ғылым тұрғысынан тереңірек зерттесек, санатана-дһарманың әлемдегі барша адамдардың, дәлірек айтқанда, жаһандағы барша тірі жандардың ісі екенін көреміз. Санатанаға жатпайтын діни нанымның басталу уақыты адамзат тарихы жылнамаларынан табылады, керісінше, санатана-дһарманың тарихи бастауы жоқ, себебі тірі жандардың тарихымен мәңгі бірге. Ал тірі жандарға келер болсақ, шастралардың беделіне сүйене отырып, тірі жандардың ешқашан тумайтынын және өлмейтінін білеміз. Бһагавад-гитада тірі жанның ешқашан тумайтыны және өлмейтіні анық айтылған. Мәңгі және жойылмайтын тірі жан уақытша фәни тәні өлген соң да тіршілік ете береді.