KK/Prabhupada 1068 - Фәни табиғаттың үш гунасымен байланысты үш түрлі һарекет бар



660219-20 - Lecture BG Introduction - New York

Фәни табиғаттың үш гунасымен байланысты үш түрлі һарекет бар Барлық тұрғыдан кемел (пурнам) Тәңір фәни табиғат заңына бағынбайды. Сондықтан жаһанда Тәңірден басқа ешкімнің де еш нәрсенің иесі еместігін айыра білетіндей зерделі болу шарт. Бһагавад-гита мұны былай түсіндіреді:

ahaṁ sarvasya prabhavo
mattaḥ sarvaṁ pravartate
iti matvā bhajante māṁ
budhā bhāva-samanvitāḥ
(BG 10.8)


Тәңір — тұңғыш жаратушы. Тәңір — Браһманы жаратушы. Ол — жаратушы… Тәңірдің Браһманы жаратушы екені де түсіндіріледі. Он бірінші тараудың отыз тоғызыншы өлеңінде Арджуна Кришнаны прапитамаһа (БГ 11.39) дейді, себебі Браһманы питамаһа, арғы ата дейді, дегенмен Кришна арғы ата Браһманың да ең түпкі жаратушысы. Сондықтан ешкім де өзін еш нәрсенің иесімін деп дәмеленбей, тек күнкөрісі үшін Құдайдың бөліп берген еншісін алуға хақылы. Құдайдың бөліп берген еншісін кәдемізге қалай жаратуға болатыны туралы көптеген мысалдар келтіріледі. Бұл да Бһагавад-гитада түсіндіріледі. Басында айқасудан ат-тонын ала қашқан Арджуна мұны өзі ұйғарған еді. Арджуна Кришнаға: “Мен туыстарымның қанын төгу арқылы қол жеткізген патшалықтың жемісін тата алмаймын” деді. Бұл тәни ұғымдағы көзқарас еді. "Мен — тәнмін", аға-інілерім, немере інілерім, жиендерім, нағашыларым, балдыздарым, жезделерім, қайын аталарым, аталарым тәрізді тәни туыстарым тәнімнің жалғасы болғандықтан, осылай тәни талаптарымды қанағаттандырайын деп ойлады Арджуна. Арджунаның осы көзқарасын өзгерту үшін Тәңір Бһагавад-гитаны баян етті. Тәңірдің өсиетімен һарекет етуге келіскен Арджуна каришйе вачанам тава (BG 18.73) деді.

Сондықтан бұл әлемде адам өмірі мысықтар мен иттерше жанжалдасу үшін жаралмаған. Адами ғұмыр маңыздылығын ұғынып, қарабайыр хайуанша һарекет етпейтіндей зерделі болу шарт. Адами ғұмыр мақсатын ұғыну — адам баласының парызы. Бүкіл Веда шастралары үйрететін осы өсиеттің тоқетер түйіні Бһагавад-гитада берілген. Веда шастралары мысықтар мен иттерге емес, адамдарға арналған. Мысықтар мен иттер жеуге жарамды жануарларды өлтірсе күнәға батпайды. Керісінше, қомағай қарнын тойдыру үшін мал соятын адам табиғат заңын бұзғаны үшін жауапқа тартылады. Табиғаттың ізгілік, құмарлық және надандық гуналарымен байланысты үш түрлі һарекеттің істелетінін Бһагавад-гита айқын түсіндіреді. Тамақ та үш түрлі: ізгілік, құмарлық және надандық гуналарымен байланысты. Мұның бәрі айқын түсіндіріледі, егер Бһагавад-гитаның осы өсиеттерін дұрыс пайдалана білсек, бүкіл өміріміз тазарып, түбінде түпкі мақсатымызға жетеміз. Йад гатва на нивартанте тад дһама парамам мама (BG 15.6).

Бһагавад-гитада берілген бұл ақпарат фәни аспаннан тыс санатана деп аталатын рухани аспан бар дейді. Осы жабық фәни аспанымызда бәрі өткінші. Барша тіршілік белгілі бір мерзімде дүниеге келеді, дамиды, біраз уақыт тіршілік етеді, тұқым қалдырады, қартаяды және дүниеден өтеді. Осы фәни әлем заңы осындай. Мына тәніңіз, мына жеміс я осы фәни әлемде жаралған кез-келген нәрсе соңында жойылып тынады. Бұл өткінші дүниеден тыс басқа әлем бар дейді: парас тасмат ту бһаваһ анйаһ (BG 8.20). Санатана, яғни мәңгі өмір сүретін басқа мәңгі табиғат бар. Джива да санатана, мәңгі делінген. Мамаивамшо джива-бһутаһ джива-локе санатанаһ (BG 15.7). Санатана дегеніміз — мәңгі. Он бірінші тарауда Тәңір де санатана, мәңгі делінген. Құдаймен сырлас қатынаста болғандықтан, біртұтас қасиетке иеміз... Санатана-дһама (мәңгі мекен), санатана Құдайдың Түптұлғасы және санатана тірі жандар, бәріміз де біртұтас қасиетке иеміз. Сондықтан Бһагавад-гитаның мақсаты — санатана міндетімізді жаңғырту, яғни тірі жанның санатана-дһармасын, мәңгі міндетін жаңғырту. Қазір істеп жүрген түрлі өткінші істеріміз тегіс тазарады. Осы өткінші істеріміз тастап, сарва-дһарман паритйаджйа (BG 18.66), оның орнына Жоғарғы Иенің тілегін орындасақ, өміріміз тазарады.