KK/Prabhupada 1063 - Күллі істеріміздің себеп-салдарынан азат етілейік



660219-20 - Lecture BG Introduction - New York

Күллі істеріміздің себеп-салдарынан азат етілейік Осы өмірімізде де іс-һарекеттеріміздің жемісінің қызығын көреміз. Мысалы, мен зердемді пайдалана отырып, тыным таппай еңбектенуімнің нәтижесінде банк шотыма көп ақша жинаған бизнесменмін делік. Мұндай күйде мен ләззат алушымын. Сол секілді, мысалы, мен көп ақшаммен бизнесімді бастап, соңында бар ақшамнан айырылып тындым делік. Мұндай күйде мен азап шегушімін. Сол секілді, өміріміздің бар саласында ісіміздің ләззаты мен азабын татып отырамыз. Карма деген осы.

Ишвара, джива, пракрити, Жоғарғы Ие, тірі жан, фәни табиғат, мәңгі уақыт және сан алуан іс-һарекеттеріміз, осы бесеуі Бһагавад-гитада түсіндіріледі. Осы аталған бесеуінің төртеуі, яғни Тәңір, тірі жандар, фәни табиғат және уақыт мәңгі тіршілік етеді. Пракрити көрінісі — өткінші болғанымен, жалған емес. Кейбір философтар осы фәни табиғат көрінісі жалған десе де, Бһагавад-гита философиясы я Ваишнавалар философиясы фәни әлем көрінісін жалған демейді. Фәни табиғат көрінісі — өткінші болғанымен, шынайы деп мойындайды олар. Аспанды бұлт қаптаған соң жаңбырлы маусымның басталатыны секілді, жаңбырлы маусымнан соң жер жүзінің көк-жасыл өсімдіктерден көрінбейтінін көреміз. Жаңбырлы маусым аяқталған сәтте, бұлт ашылады. Жаңбырсыз, өсімдіктер кебе бастайды да, жер құнарсыз қалпына оралады. Фәни көрініс те дәл осылай белгілі бір аралықта тіршілік етеді. Мұны Бһагавад-гитаның беттерінен түсініп білеміз. Бһутва бһутва пралийате (BG 8.19). Фәни көрініс белгілі бір аралықта көзге көрініп, тіршілік етеді де, қайта жоғалады. Осылай мәңгі бақи һарекет ететіндіктен, пракрити — мәңгі тіршілік етеді. Пракрити — жалған емес, себебі Тәңір оны: "Мама пракрити ” — “Менің пракритиім” дейді. "Апарейам итас ту виддһи ме пракритим парам" (BG 7.5). "Бһинна пракрити", "бһинна пракрити", "апара пракрити". Фәни табиғат — Жоғарғы Иенің бөлініп шыққан энергиясы, тірі жандар да Жоғарғы Иенің энергиясы, бірақ Тәңірден бөлек емес. Олар мәңгі байланыста. Яғни, Тәңір, тірі жан, фәни табиғат және уақыт — осы төртеуі мәңгі. Керісінше, карма — мәңгі емес. Карма я іс-һарекет себеп-салдары сонау бағзы заманнан созылып келе жатыр. Бағзы заманнан бері іс-һарекеттеріміздің салдарынан азап шегумен я ләззат алумен болсақ та, кармамыздың я һарекетіміздің салдарын өзгерте аламыз. Мұны кемел білім көмегімен өзгерте аламыз. Неше қилы іс-һарекеттермен айналысатын біздер күллі істеріміздің себеп-салдарынан азат етілу үшін қай істі таңдау керектігін білмейміз. Бұл да Бһагавад-гитада түсіндіріледі.

Ал Ишвара — жоғарғы сана Иесі. Ишвара я Жоғарғы Ие — жоғарғы сана Иесі. Жоғарғы Иенің бөлінбес бөлшектері ретінде дживалар да, яғни тірі жандар да саналы. Тірі жан да саналы. Тірі жан да, фәни табиғат та — пракрити, энергия деп түсіндірілгенімен, бұл екі пракритидің біреуі ғана, тек дживалар ғана саналы. Керісінше, екінші пракрити, фәни табиғат — санасыз. Екеуінің айырмашылығы осында. Тәңірдікіндей санаға ие болғандықтан, джива-пракрити жоғарғы энергияға жатады. Тәңір жоғарғы сана Иесі. Джива, тірі жан да жоғарғы сана иесі деуге болмайды. Жоқ. Кемелінің қай шыңына шықса да, тірі жан жоғарғы сананы иелене алмайды. Бұл жалған теория жұртты оңбай жаңылыстырады. Саналы болғанымен, тірі жан жоғарғы саналы емес.