KK/Prabhupada 1074 - Фәни әлемдегі бар азабымыз тәнімізден туады
660219-20 - Lecture BG Introduction - New York
Бһагавад-гитада былай делінген:
- avyakto 'kṣara ity uktas
- tam āhuḥ paramāṁ gatim
- yaṁ prāpya na nivartante
- tad dhāma paramaṁ mama
- (BG 8.21)
Авйакта — “көзге көрінбейтін” дегенді білдіреді. Тіпті фәни әлемнің өзі көзімізге түгел көрінбейді. Сезімдеріміздің кемел еместігі сонша, осы фәни жаһанда қанша жұлдыз, қанша планета бар екенін көре алмаймыз. Әрине, барлық планеталар туралы мәліметті Веда шастраларынан аламыз. Сенсек те, сенбесек те, өзімізбен байланысты барлық маңызды планеталар Веда шастраларында, әсіресе Шримад-Бһагаватамда суреттелген. Фәни аспаннан тыс жайылып жатқан сол рухани әлемге, парас тасмат ту бһаво `нйо (BG 8.20), авйактаға, көзге көрінбейтін рухани аспанға, парамам гатимға жетуді ауадай аңсау шарт. Йам прапйа — сол жоғарғы мекенге келген жан фәни әлемге ешқашан қайта оралмайды, на нивартанте. Тәңірдің сол мәңгі мекенінен қайта оралмау — түпкі мақсатымыз болуы шарт... Енді: “Тәңірдің сол жоғарғы мекеніне қалай жетуге болады?” — деген сұрақ тууы мүмкін. Бұл да Бһагавад-гитаның сегізінші тарауының 5-6-7-8-өлеңдерінде Құдайға және Оның мекеніне жету жолы айтылған:
- anta-kāle ca mām eva
- smaran muktvā kalevaram
- yaḥ prayāti sa mad-bhāvaṁ
- yāti nāsty atra saṁśayaḥ
- (BG 8.5)
Анта-кале, өмірінің соңында, өлім сәтінде, анта-кале ча мам эва, Кришнаны ойлайтын, смаран, жадында сақтаса... Көз жұмар сәтінде, өлім сәтінде Кришнаның кейпін жадында сақтап, тәнін тастаса, рухани мекенге шүбәсіз жетеді. Мад-бһавам. Бһавам дегеніміз — рухани табиғат. Йаһ прайати са мад-бһавам йати. Мад-бһавам дегеніміз — Құдайдың бақи табиғатына барабар дегенді білдіреді. Құдайдың сач-чид-ананда-виграһа (Бр. Смһ. 5.1) екенін жоғарыда айттық. Кришнаның тәні мәңгі тіршілік етуші (сат), білім (чит) мен шаттыққа толы (ананда). Ал біздің тәніміз сач-чид-ананда ма? Жоқ, бұл тәніміз мәңгі (сат) емес, керісінше, өткінші (асат). Антаванта име деһа (BG 2.18): “Бұл фәни тән өлімге ұшырайды” дейді Бһагавад-гита. Фәни тәніміз сач-чид-ананда емес. Сат (мәңгі) емес, керісінше, асат (өткінші). Чит емес, білімге толы емес, керісінше, надандыққа белшесінен батқан. Рухани әлем түгіл, осы фәни әлем туралы да мардымды ештеңе білмейміз. Көп нәрсенің сырын білмейтін надан фәни тәніміз білімге толы болудың орнына, білімсіз. Өлетін, надандық басқан, нирананда тәніміз шаттыққа бөленудің орнына, қайғы-қасіреттен көз ашпайды. Фәни әлемдегі бар азабымыз тәнімізден туады